Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

«Зачем орысша, когда есть қазақша?!»

$
0
0

IT индустрия елімізде жылдан жылға дамып жатқаны баршамызға мәлім, соның дәлелі ретінде қазнеттегі электронды коммерцияның өсуі, түрлі веб-дизайн студиялар мен диджитал агенттіктердің ашылуын айтуға болады. Бұрын отандық IT индустрияны Алматымен байланыстыратын болсақ, қазіргі кезде аймақтарда да бұл саланың мамандары жетерлік. Бүгінгі сұхбаттың қонағы Тимур Бектұр бұл жайында сөз қозғап, интернеттегі қазақ тілді жобалардың болашағы мен идеялары турасында әңгімелейді.


— Алдымен өзіңіз жайында айтып берсеңіз. Бүгінгі мамандығыңыз IT саласына деген қызығушылығыңыз қанша жасыңызда оянды?

— Мен Маңғыстаулықпын. Жетібайдың тумасымын. Мамандығым ақпараттық технология саласына тікелей қатысты. Қазақшалау не оны түсіндіру ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Жалпы халықтың тілімен айтқанда «компьютерщик» қой.

Мектеп бітіргеннен кейін мемлекеттік грант ала алмай, жоғары оқу орнына түспедім. Қаладан ауылға қайтып келіп, өзім 9 жыл білім алған мектепте «ЭЕМ операторы» болып жарты жылдай жұмыс жасадым. Осы кезден бастап бұл салаға деген қызығушылығым оянды деуге болады. Елдің барлығы «компьютер» дейтіні қазір ғой, ол уақытта кеңестік дәстүрмен «электронды есептеуіш машина» деп атайтын. Оған дейін тек кинодан ғана көретін компьютерді алғаш рет 10-сыныпта, Ақтаудағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа келген кезімде көрдім.

Ал қыр-сырын ұғып, тереңдей түсуім алғаш жұмыс жасаған кезім еді. Ол кезде, әрине, үйде компьютер жоқ. Сонда да ЕШКО деп аталатын пошталық оқыту қызметінің көмегімен «Компьютерлік әліппе» деген 9 айлық курсты бітіріп алдым. MSDOS жүйесімен осылайша кітап арқылы танысып, компьютерде атқаруға тиісті жаттығуларды қағаз бетінде жасадым. Осының және мектептегі компьютерлерде құмарым қанғанша отырғанымның арқасында келесі жылы қай мамандыққа түсетінім туралы ешқандай сұрақ туындамады, бірден барып Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің Инженерлік-техникалық факультетіндегі «Есептеуіш техникалар мен желілерді аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының ақылы бөліміне түстім. Демек, менің бұл салаға қызығушылығым 18 жасымда ояныпты.

— Ең алғашқы жасаған сайтыңыз қалай аталды?

— Ең алғаш жасаған сайтымды айтудың өзі ұят. Балдыр-батпақ, шылдыр-шатпақ бірдеңе жасаған болдым. Тіпті соны сайт деуге де келмейтін болар. Ал кәсіби маман, яғни бизнес көзі ретінде ең алғашқы сайтты Ақтаудағы шыны-талшықты құбыр шығаратын зауытқа жасағам. Кейін белгілі себептермен жұмыс ақырына жетпей қалды.

— Өз мамандығыңыз бойынша ең алғашқы алған жалақыңыз қанша болды?

— Өз мамандығым бойынша ең алғашқы алған жалақым... Жауап беру қиындау. Мүмкін мың теңге, мүмкін екі мың теңге... Студент кезімізден кәсіп жасауды бастап кеткен соң, алғашқылары есіме түспей тұр. Есесіне, өз мамандығым бойынша ең алғашқы алған айлығымды анық білемін. 2007 жылдары 120 мың теңгедей айлық алғанмын.

— Қазақстанда IT маманының болашағы туралы айтып берсеңіз?

— Тек ІТ емес, қай-қай мамандықтың да болашағы бар. Сауатты, мықты мамандар қашан болса да керек. Сенбесеңіз, өзіңіз бір жеке кәсіп бастап көріңіз. Сауатты есепші, тісқаққан заңгер, әккі аудармашы, кәнігі хатшы, шебер жүргізуші, мықты дизайнер — барлығы-барлығы керек болады. Сол кезде тек ІТ саласында емес, басқа барлық салада маман тапшылығы бар екенін анық сезінесіз. Өз ісінің білгіріне сұраныс әрдайым болады.

— Еліміздегі IT мамандарын дайындайтын жоғарғы оқу орындарына көңіліңіз толады ма? Қазір көптеген жастар IT мамандығы бойынша білім алу үшін шетелге кетіп жатыр дегендей...

— IT мамандарын дайындайтын оқу орындары туралы айтар болсам, «Соқыр тауыққа бәрі бидай» дегендей, бірыңғай жақсы не бірыңғай жаман деп айта алмаймын. Оның үстіне, дәл қазіргі уақытта оқу орындарындағы бағдарламалармен таныс емеспін. Дегенмен С. Демирел атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, Алматыдағы Халықаралық ІТ университетін ерекше айтып өту керек болар. Менің жақсы танитын, білетін жігіттерім осы екі оқу орнынан. Бірақ әр аймақта, әр жерде ІТ мамандары даярланып жатыр, олардың ішінде де көрінбей жүргендері болуы мүмкін. Олардың барлығына төмен баға беріп, топырақ шашуға болмас.

Алайда осы саланың бастау алған жері, әлемдік ІТ үрдістердің отаны, жалпы қалыптасқан мектептің нақ ортасы АҚШ-қа барып, осы саланың бір шетін меңгеріп келгенге не жетсін?! Стив Джобс пен Билл Гейтс кремний аймағында емес Қазақстанда туылса, бүгінгі биігіне жете алмас па еді... Бұл жерде мен елімізді артта қалған дегім келіп отырған жоқ, бізде бұл саладағы мектептің әлі дұрыс қалыптаспағандығын айтып отырмын. Ес білгенінен бастап микросхемалар құрастырумен айналысқан адам, әрине, ержеткен соң электронды құрылғыға ет жақын болады. Осы жерде айтқым келетіні, мен негізі мықты ІТ-маманы емеспін. Тіпті ештеңе білмеймін десем де артық емес. Әр сөзіме кесек-кесек жауап бере алатын, тындырары көп, менен 5-10 жас кіші іні-қарындастарым жетерлік. Алайда бұл саладағы менің негізгі ұстанған мақсатым — жалпы ІТ саласын халыққа етене таныстыру, ұғынықты жеткізу, мектеп не үрдіс қалыптастыру.

Мысалы, Асхат Еркімбай деген жігітке дейін блог жазғандар болған шығар, бірақ еліміздегі блогосфераның дамуына бір кісідей ат салысып, блог жазу үрдісінің дамуына тікелей ықпал еткен жан ретінде мен оны еш қысылмастан үлгі ете аламын. Ендеше, менің де бағытым осындай. Қалғаны жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай боп кетер деген үміт қана. Сосын барып сапа туралы әңгімеге кезек келеді.

— Өзіңіздің бүгінгі күні алып жүрген жобаларыңыз жайында айтып берсеңіз?

— Мультитаскинг деген бар. Өзіміздің тілмен айтқанда, бірнеше істі қатар атқару. Тайм менеджмент тұрғысынан алғанда, бұл түбегейлі дұрыс емес нәрсе. Дегенмен осы бір әдетке бой алдырып жүрмін. Бірақ соның өзінде дәл қазір, ұсақ-түйекті, оффлайндағы тірліктерімді санамағанда, негізгі үш-төрт жобамен айналысудамын. Олар: «ІТ-тірлік» онлайн-журналы, онлайн epub-кітапхана және қазақ тілін жетік меңгергісі келетін, білсе де сөйлеуге именетін қазақтарға арналған «Зачем орысша, когда есть қазақша?!» атты email-хабарлама. Алайда, жаңа айтқанымдай, әу баста өзімнің физикалық, материалдық мүмкіндіктерімді ескермегендіктен, соңғы екі жоба ақсаңқырап тұр. Дегенмен жолда қалмайды. Өйткені әрқайсысының да сұраныстағы жобалар екенін байқап көрдім.

Әйгерім Кеулімжай фотомұрағатынан

— «Зачем орысша, когда есть қазақша?!» атты жобаңыздың аты қызық екен. Сол жобаңыздың дүниеге келуімен бөлісе кетсеңіз. Ол қалай жұмыс істейді?

— Ауылда Бердіхан деген досым бар. Соның көп айтатын сөзі еді. Жалпы біздің жақ таза қазақи орта ғой. Соның салдарынан ресми тілге көпшілігіміз шорқақпыз. Мысалы, мен әлі күнге дейін орысша жөнді сөйлей алмаймын. Сондай бір орысшадан сүрініп тұрған кезде әзіл-шыны аралас айтқаны болуы керек, нақты қалай екенін білмедім, әйтеуір осы сөз есімде жақсы сақталып қалыпты. Айналамдағылардың, аннан-мыннан таныс боп жүргендердің көпшілігі ылғи орысша не шала-шарпы қазақша сөйлеп жүргенін көріп, осы мәселені шешудің жолын қарастырдық.

Астанада бастау алып, қазір Атырауда жақсы-жақсы әлеуметтік жобалармен айналысып жүрген «ААА» атты еріктілер тобы бар. Соның атыраулық жетекшісі Әсел Досаманова: «Сен адамдарға үнемі „қазақша сөйлеңдер, қазақша сөйлеңдер“ деп ұрса бергенше, солардың қазақша сөйлеуіне ықпал етіп, мүмкіндік берсейші? Олар қазақша біледі, бірақ сөйлеуге ұялады. Кейбірінің қазақша сөйлейтін ортасы да жоқ. Мүмкін болса, қазақшаны жетілдіруге арналған бір жоба жасарсың?» — деп жақсы бір ой тастады. «Бұл да бір жөн сөз екен» деп, нәтижесінде биылғы жылдың басында осы проект дүниеге келді.

Оның жұмыс жасау тәсілі қарапайым. Блогымдағы арнайы форма арқылы кез келген адам тіркеледі де, өздерінің электронды поштасына осы сабақтарды хат ретінде алады. Хабарламада Илья Франктың әдістемесі бойынша қазақша-орысша қызықты мәтін мен тұрақты сөз тіркестері, мақал-мәтелдердің орысша түсінігі, сондай-ақ компьютерде, басқа да құрылғыларда қазақ әрпін қалай қосатыны жөнінде, тағы сол сияқты технологиялық нұсқаулықтар болады. Мұның жақсы жері, поштаңызға келген хаттан ешқайда шықпастан, барлық мәліметті хабарлама ішінен оқисыз. Өйткені, көпшілік адам сілтемеден сілтемеге өтіп, браузер ақтарып отырғысы келмейді.

— Жақында Атамекен StartupWeekend-тен 1-орынды иелендіңіз. Жеңісіңіз құтты болсын. StartupWeekend-ке қай жобаңызбен қатыстыңыз?

— Рахмет, Айнұр! Әмин! Ол шараға өздеріңіз білетін «ІТ-тірлік» ақпараттық-танымдық журналын алып бардым.

— «ІТ-тірлікті» жасау туралы идея қашан келді?

— Әрбір ІТ маманының басында бар жағдай — жақын-жуық, ағайын-тумадан компьютерге қатысты таусылмайтын сұрақтар. Оның үстіне, жазып-сызуға әуестігім бар. Нәтижесінде «Осы неге ІТ саласына қатысты қазақша журнал жасамасқа?» деген ой келді. Соңғы шешімді былтыр, 2011 жылы қабылдадым. Айналамдағы және өзім білетін, танитын, блогшы, компьютерші, сайт жасаушы жігіттердің әр қайсысына жеке-жеке хабарласып, өз ойымды айттым. Бірігуді ұсындым. Ұсынысымды бірі қуана қабылдады, біреулері құп көрсе де қолдары тимейтінін айтты. Сөйтіп, кейде өзгелердің жәрдемімен, кейде өзімнің күшіммен бұл жобаны қазіргі деңгейіне дейін сүйрелеп жеткіздім. Өзіңіз білетіндей, бұл әлі шикі дүние. Жасалатын жұмыс жетерлік.

— Журналды жасауда қандай қиындықтар кездесті?

— Кездескен қиындық болғанда... Көп қой. Жетіспеушілік. Жоқтық. Ақшадан бастап адамға дейін...

—  «ІТ-тірлікке» материалдарды кім жазады?

— Әрине, ең бірінші өзім, сосын өзің секілді жастар жазады. Негізінен — қазақ блогшылары. Сондай-ақ интернет арқылы немесе блогқұрылтайда алғаш көріп, таныс-біліс болған кісілер көмектесуге ниеттерін білдірді, сөйтіп бірі аудармаға қол ұшын созса, бірі сұхбат алып, әйтеуір, көптің көмегімен біраз шаруа атқарылып жатыр. Осы орайда айтқым келетіні, бұл жобаның өзі әлі де хобби деңгейінде тұр. Шығын шыққаны болмаса, әзірге кіріс әкеліп жатқан жоқ. Сондықтан мақала авторлары мен аудармашылар ақысыз, ерікті түрде көмек қолдарын созуда. Оларға Аллаһ разы болсын. Алғысым шексіз!

— Бұл журналдың болашағын қандай етіп көресіз?

— Болашағы... Болашағы жарқын болатынына сенімім кәміл. Алайда тап басып болжау қиындау боп тұр. Себебі бизнес-модель деген болатынын кешегі стартап жарысқа қатысқаннан кейін біліп жатырмын. Соған салып кеп қалғанда, жобамның қандай да бір құнға ие болып, өзін-өзі немесе салынған қаржыны ақтауы үшін біраз өзгерістер болуы мүмкін екендігін байқадым. Десек те, онлайн-журналдың оффлайн-журнал түрінде, яғни қағаз басылымға шығып қалуы әбден мүмкін.

— Атамекен StartupWeekend-те барлығы қанша жоба қатысты, әділ-қазылардың таңдауы сіздің жобаңызға түсуіне не себеп болды деп ойлайсыз?

— Қателеспесем, барлығы 20-ның үстінде жоба тіркелген. Кейін сол 15 шақты қатысты-ау деймін, шамасы. Әділ-қазылардың таңдауы маған неге түскенін өздерінен сұрамасаңыз ...(күліп). Мысалы, мен өзімнің орын алатынымды сездім, бәлкім ынталандыру, бәлкім үшінші орын болар деп ойладым. Сондай-ақ ешқандай жүлдесіз қалуға да дайын болдым. Маған ол шараға қатысқанның өзі біраз пайда әкеліп, көп тәжірибе берді. Алайда «Бірінші орын!» дегенде, әрине, қуанышымда шек болмады. Себеп? Мүмкін жобамның біраз шаруасы бітіп тұрғаннан болар. Журналдың сайты жұмыс жасап тұр, алғашқы нөмірі бар, оқырмандар статистикасы бар, бұл жобаға сұраныс қандай екендігі туралы сауалнама нәтижесі бар, т.с.с. әділқазылар басты назар аударатын факторларға жауап болды. Сосын көпшілігі «презентацияны жақсы жасадың» деуде.

Ал ең басты себеп, меніңше, бұл жобаның ақпараттық технология саласындағы мәліметтерді тек қана қазақша жеткізетіндігінде болуы керек. Осы шара туралы нақтырақ жазған атыраулық «Ақ Жайық» газеті менің жобам туралы: «IT-тірлік» впечатлил качественно созданным буквально за эти два дня презентационным роликом. Идея автора заключается в создании интернет-издания на тему информационных технологий на казахском языке" деген екен. Осы сөз сіздің сұрағыңызға нақты жауап беретін сияқты. Тек сәл ғана түзету, ол ролик екі күнде емес 4-5 сағатта, сол презентация болар күні таңертең жасалды.

— Бірінші мен екінші орынды қандай жобалар алды?

— Екінші орынды «Экономь» деген принтерлік қызметті аутсорс жасау туралы жоба алса, үшінші орынды «Отбасы құру орталығы» алды. Олардың негізгі мақсаты, мен дұрыс түсінсем, таңның атысы, күннің батысы жұмыстан қолы тимейтін, жеке өмірге уақыты тар болып жүргендерге жар табу мәселесінде қол ұшын бермекші.

— Орын алмаған, бірақ маңызды жобалар болған шығар...

— Әрине, өте қызықты жобалар болды. Мысалы, мектеп жасына дейінгі және алғашқы сынып оқушыларына қазақ тілін үйрету үшін Анна Захарова өз жобасын ұсынса, тағы бір өнертапқыш жігіттер мұнайды өңдеудің жаңа технологиясын тапқанын сахнаға өздері жасаған құрылғыны әкеліп көрсету арқылы дәлелдеуге тырысты. «Алтын бесік» атты жобаны ұсынған топ бала бағушылар қызметін ұсынса, енді бір топ «Red Fish» атты ресторанда онлайн-брон жасау жобасын әкелді. «Nomad» атты топтағы жігіттер қазақы стильдегі киімдер мен жейделер шығарғысы келетіндіктерін айтса, Ержан деген жігіт «Айқап» атты қазақтың тұңғыш газетін онлайнда жандандырмақ ойы барын жеткізді.

— Жалпы бүгінгі Қазақстан IT индустриясында қандай жобалар трендте?

— Қателесуім мүмкін, алайда интернет-дүкендер мен электронды қызметтер тренд боп жатқан секілді. Интернет-дүкенді өзіңіз білесіз, уебсайт арқылы кез келген бір тауарды сатып аласыз. Ал электронды қызмет дегеніміз интернет арқылы сізге ұсынылатын қызмет. Мысалы, сіздің инстаграмыңыздағы суреттеріңізді қағазға шығарып беретіні секілді.

— Алдында айтып өткендей «ІТ-тірліктен» басқа айналысып жүрген жобаларыңыздың бірі EPUB. Сол жайында толығырақ айтып өтесеңіз.

— Иә, EPUB — бұл портативті құрылғыларда кітап оқуға арналған тамаша формат. Өздеріңіз білетін PDF-тан айырмашылығы — салмағы жеңіл, навигациясы мен басқаруында және оқылуында біраз жеңілдіктер мен артықшылықтар бар. Бұл жобаны не үшін қолға алдыңыз болғанда, барлығы да сол өз басыңа түскен проблеманың шешімін іздеуден бастау алады деп білемін. Планшет алдым, сапалы, қымбат смартфон алдым, енді оқиын десең, электронды қазақша кітап жоқ. Қайтпек керек? Әрине, гуглден іздемек керек! Гугл не дейді? Гугл «ондай қазақша кітап жоқ» дейді. Сосын? Сосын «Осындай е-кітапты қалай жасайды екен өзі?» деп іздесем, түк қиындығы жоқ екен. Барлығы содан басталды. Мәтінді кей жағдайда adebiet.kz сайтынан аламын, кейде интернеттегі ашық көздерден аламын. Кейбір кітаптарды маған үнемі қол ұшын беруге даяр тұратын жігіттер мен қыздар дайындайды. Солардың және интернетте отыратын басқа да ынталы жандардың басын қосып, осындай кітаптарды қалай жасау керектігі туралы екі рет онлайн-сабақ өткіздім. Осылай-осылай жанданады ғой тірлігіміз, бұйыртса.

Әлгінде айтқанымдай, мұндай кітапты бес минутта жасай аласыз. Мысалы, интернетте оқылмай қалған жазбалар, бұрыннан оқуға уақыт таппай жүрген әдеби кітаптарыңыз немесе жай ғана университеттегі лекцияны жақсылап оқып алғыңыз келсе, қолыңыздағы мәтінді осы форматқа дереу айналдырып аласыз да, жүрген-тұрған жеріңізде оқи бересіз. Айталық, Алматыда көлік кептелісі көп. Біздің шағын қалаларымыз Ақтау, Атыраудың өзінде қаланың бір шетінен екінші шетіне жету үшін кемінде 30 минут кетеді. Автобус күту де біраз уақыт алады. Сондай кездерде құр отырғанша, қалтафоныңыз арқылы үй тапсырмасын не сүйікті кітабыңызды оқып тастай аласыз. Керемет емес пе? Айзексонның Стив Джобс атты 700 беттей қалың кітабын ұялы телефоным, планшетім арқылы тез-тез оқып тастап, кейін оның көлемін көргенде «Осының барлығын оқығаным ба?» деп қатты таң қалғанмын.

— Дайын EPUB-ты қайда саласыз?

— Кейбір жасаған кітаптарымды блогымнан таба аласыз. Бірақ жуық арада Қазнетке қосқан бір үлесім ретінде epub.kz атты электронды кітапхана жасамақ ниетте жүрмін. Сайт жасалды, 20-30 шақты кітаптар да жиналды. Енді біраз ұсақ-түйек жұмыстары біткен соң, ашылуын жариялайтын болармын, амандық болса.

— Алдағы уақытта тағы да басқа жобаларды қолға алу ойыңызда бар ма?

— Жоба көп. Өте көп. Кейде тіпті идеялар генераторы секілді боп кетемін. Бірақ ойға келгеннің барлығын жасай беруге физикалық түрде шамам келмейді және 24 сағат тым аздық етеді.

— «Қазақ тілді IT саласында жемісті қызмет етіп жүр» деп кімдерді айта аласыз?

— ІТ, яғни ақпараттық технология саласы тек интернет сайт не блогпен шектеліп қалмайды, сондықтан тізіп шығу қиын болар. Қызмет етіп жүрсе де, ешкім білмейтін, бәрі білсе де, мен білмейтін мықтылар баршылық. Біздер сияқты популизммен айналыспайтын, тек қана өз жұмысын білетін, көпке ашыла бермейтін ІТ мамандары көп қой. Мысалы, жақында бір жігіттер Андройд құрылғылары үшін «Қазақ әліппесін» жасады. Енді бір бауырларымыз қазақ клавиатурасы жоқ Эппл өнімдері үшін қазақша жазуға мүмкіндік беретін АйФон/АйПадтарға арналған бағдарламалар жасады. Меніңше, осындай жігіттер мақтауға тұрарлық.

— Өзіңіздің жолыңызды қуып келе жатқан жастарға қандай кеңес бересіз?

— Жастарға кеңес беретіндей қалтырап, қартайып қалған жерім жоқ. Өзім де жаспын. Дегенмен өзімнен 5-10 жастай кіші іні-қарындастарымның жетістіктері мен жасап жатқан істерін көргенде, қатты қуанамын. Мен олардың жасында ұйқы мен тамақты ғана білген сияқтымын. Кеңесім... Арымасын, жігерлері мұқалмасын, ізгілікке алған беттерінен ешқашан қайтпасын!

— Әңгімеңізге рахмет! Қолға алған барлық жобаларыңыздың жемісін көріңіз!

Cұхбаттасқан: Айнұр Ракишева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>