Әсел Қадірбаева блог әлемінде Cherie/Asselcherie нигімен белгілі. ҚБТУ-дің 4-курс студенті Қаржы-Экономика факультетінде білім алуда. Бьюти-блогингте бағын сынап, Yvision.kz сайтында «Chérie жазбалары» атты блогын жүргізеді. Проза, аспаздық, сурет салу, дизайн, қолөнер мен тігумен айналысатын Әселдің арманы — өзгелерге ұқсамайтын жоба жасау.
Жыл маусымдары ауысқан сайын ауа райымен қоса, киім үлгілері де өзгереді. Киім-кешекті бірінің үстіне бірін киіп, түрлі образдар жасауға болатыны үшін күзді ұнатамын. Мысалы, жазда жейде мен шорты немесе көйлек киіп, жүре береміз, оларға тек моншақ не білезіктерді қосуға болады, бірақ аптап ыстықта басқа аксессуарларды тағу қиын.
Ал бұл күзгі образға келетін болсам, университетке, жұмысқа, құрбыларыммен сыртқа шығуға немесе сүйіктіммен бір жерге баруға болатын киім үлгісі. Бойдағы нәзіктікті көрсете білетін осындай стильдегі киімді жақсы көремін. Себебі бұл стиль айналадағы адамдарға жағымды әсер етеді, әрі сені мезі қылмайды.
Әселдің үстінде:
Күзгі образымды тоқыма сарғыш Batik пальтосы құрайды. Бұл пальто күләпараға айнала алатын жағасымен ерекшеленеді, түсі де ұнайды. Мен үшін бұл өте сәтті модель, себебі орташа ұзындығы бар пальтоны тауып алу мен үшін қиын.
Жасыл түсті Zara блузкасын сатып алған себебім – оның түсі. Күзгі бейтараптықты осы жасыл түсті киім ерекше қылады. Белдемшеге (Shendel) назар аударсаңыз, байсалды стильді жақсы көремін, бірақ ерекше түстес киімді де үйлестіре білген дұрыс.
Nila&nila етігін мен сонау 2009 жылы Оралда сатып алған едім. Ерекше өкшесі бар етік анам екеумізді бей-жай қалдырмады. Осы етікті кисем, айналадағылар міндетті түрде оларға назар аударады. Етік өте ыңғайлы, алайда, қатты жел соқса, жүруге қиындық туғызады.
Сөмкем (Gilda Tonelli) көлемді болғанымен, әдемілігін жоғалтпайды. Мектепте оқып жүргенімде бұл сөмкені анам сыйға тартқан болатын. Итальян сөмкелерін жақсы көремін, себебі олар пішінін ұзақ сақтап, он жылдай қасыңызда жүруі мүмкін. Сыйымдылығы, әрі көп нәрселерді салып қойсаң да шар ұқсап үрленбейтіні ұнайды.
Орамал-шарфтарды қатты жақсы көремін, суық болса, басыма тағып аламын, себебі бұл образыма нәзіктік береді. Күзде оларды киімге қосып киюді ұнатамын. Бұл орамалым байсалды реңкте - қара мен қызғылт түстес. Әдемі ою кез келген look үшін жарасымды.
Аксессуарларға келетін болсам: ақ алтыннан жасалған алқа мен шексіздік формасындағы кулон және Romanson сағаты. Сағатты Жаңа жылға ата-анам сыйлаған болатын. Үнемі тағып жүретін сағатым кешке арналған көйлек болсын, күнделікті киімім болсын, бәрімен де үйлесіп тұрады.
Макияж күзге сәйкес жылы реңкте, қоңыр күздің түсін қайталап тұрғандай. Көзге акцент жасай отырып, ерінге тек қана бальзам жаққан болатынмын.
Киімді қай жерден сатып аламын
Киімді көп ретте жоспарламай сатып алатыным бар: ұнаса – ала беремін. Анаммен бірге дүкен аралаған көңілдірек, сол себепті Оралдан жиі киім сатып аламын, ал мына жақта құрбыларыммен немесе сіңліммен Mega Center, Promenade, Silkway city, Пассаж, ЦУМ секілді дүкендерді аралаймыз; жеке дүкендерге кіргенді жақсы көремін, ондай жерде басқа дүкендерде жоқ нәрселерді тауып алуға болады.
Материалды дайындаған: Әлия Сембай
_________________________________________________________________________